Skip to main content

339 миллион теңге тұратын жер телімі Алматы облысының бұрынғы әкімінің қызынан алынды

Submitted by Вера Александрова on

Алматы облысында жер учаскелерінің иелері нысаналы мақсатын өзгерткені үшін мемлекетке 1,5 млрд теңге төлемеген. Төлемеушілер арасында облыс экс-әкімінің қызының компаниясы да бар. 

Облыс прокуратурасының хабарлауынша, заң бойынша мұндай әрекеттерді жасаған кезде учаске иесі жер учаскесінің кадастрлық құнын төлеуге міндетті. 

Жалпы облыс бойынша прокурорлар осындай 100-ден астам жер иесін анықтаған. Бүгінгі күні бюджетке 236 млн теңге өтелгені, қалған сома өндіріп алу сатысында екені хабарланды. 

Сонымен қатар, биыл облыс прокурорлары 12,5 мың га аумақтағы және құны 2,5 млрд теңге болатын 155 пайдаланылмайтын жер учаскесін қайтарды. 

Мысалы, 2020 жылы Қонаевтағы кәсіпорындардың біріне су электр станциясын салу үшін 500 га жер берілген еді. Алайда, әлі күнге дейін құрылыс басталмаған. 

Өз кезегінде, Іле ауданындағы «Solid Cristal» ЖШС-не аумағы 38 га және құны 339 млн теңге болатын учаске берілген. Белгілі болғандай, оны алғаннан бері 6 жылдан астам уақыт пайдаланылмаған. 

ORDA мәліметінше, компания Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың қызы – Саёраға тиесілі.

«Облыс прокуратурасының шараларымен бұл учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылды. Айта кету керек, прокурорлық ықпал етудің қабылданған шараларының нәтижесінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын шамамен 1 млн га жерді қайтару сатысында», - делінген хабарламада.