Мемлекеттік сатып алулар мониторингінің нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет биылғы жылдың басынан бері бюджет қаражатын 12,4 млрд теңге көлемінде тиімсіз жұмсалуына жол бермеді. Көбінесе жанар-жағармай материалдары (23%), кеңсе тауарлары (19%), азық-түлік өнімдері (6%) және үй-жай жалдау (6%) бойынша құнның асыра бағаланғаны анықталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров брифингте хабарлағандай, Қонаев қаласының ТКШ бөлімі қаңтар айында 4 жиынтық бу қазанын 2,5 млрд теңгеге сатып алу бойынша конкурс өткізген. Ведомство бағаның екі есеге – 1,3 млрд теңгеге асыра бағаланғанын анықтаған. Нәтижесінде тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы келісімшарт 1,2 млрд теңге сомасына қайта жасалған.
Сондай-ақ Қонаевта «Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы» концерттік жабдықты (экран, жарық концерттік жабдығы, дыбыстық құрылғы) 87 млн теңгеге сатып алмақ болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымы бойынша баға 5,9 млн теңгеге дейін қайта қаралған. Үнемдеу 81,1 млн теңгені құрады.
Сол кезеңде «Мемқалакадастр» РМК ұшқышсыз ұшу аппаратын (ҰҰА) 110 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған, ал ҰҰА бағасы 4 млн теңгеден аспаған. Баға қайта қаралып, нәтижесінде 106 млн теңге үнемделген.
Оған қоса, Ақмола облысында «А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС жалпы сомасы 12 млн теңгеге 150 қар күрегіш күректі данасын 81 мың теңгеден сатып алуды жоспарлағаны хабарланады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін баға бір күрек үшін 3200 теңгеге дейін төмендетілген.
Сонымен қатар, Павлодар облысы Ақсу қаласында 3,7 млрд теңгеге екі 9 қабатты тұрғын үй салу жоспарланғаны белгілі болды. Ал өткен жылы осыған ұқсас құрылыс 1,1 млрд теңгеге салынған. Бағаны қайта қарау нәтижесінде құрылыстың жалпы құны 2 млрд теңгені құрады.
Жетісу облысында «Білім басқармасының Алакөл ауданы бойынша білім бөлімі» ММ сатып алуды 26 есеге асыра бағалаған. Білім бөлімі бір жиынтық турникетті 66,2 млн теңгеге сатып алмақ болған, ал оның бағасы 2,5 млн теңгені құраған. Сатып алу қайта қаралып, 63,7 млн теңге үнемделген.
Фонд-бюро расследования коррупции