Басейндік су инспекциялары ағымдағы жылы суды өз бетінше және мақсатсыз пайдаланудың жүздеген жағдайын анықтады. Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің хабарлауынша, тексерулер елдің әртүрлі өңірлерінде жүргізілген, ал бұзушылықтар көлемі өткен жылғы көрсеткіштерден асып түскен.
«Қазинформ» ХАА мәліметінше, комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОСК-дағы брифингте суды мақсатсыз пайдалану, су пайдаланудың рұқсат етілген көлемінен асып кету және белгіленген режимді бұзу үшін әкімшілік шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, ҚР ӘҚБтК-нің 141-бабы («Су қорына мемлекеттік меншік құқығын бұзу») бойынша айыппұлдар мөлшері қайталанатын бұзушылықтар кезінде жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-тен (786 400 теңге) ірі бизнес өкілдері үшін 2 000 АЕК-ке (7 864 000 теңге) дейін құрайды.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері инспекциялар 463 тексеру жүргізді, оның қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жою туралы 143 нұсқама берілді. Сондай-ақ инспекторлар жалпы сомасы 133,3 млн теңге болатын 801 әкімшілік айыппұл салды, оның ішінде өз бетінше су пайдалану фактілері бойынша — 70,3 млн теңге сомасына 346 айыппұл салынды.
Салыстыру үшін өткен жылдың осы кезеңінде уәкілетті органдар 339 тексеру жүргізіп, 204 нұсқама беріп, жалпы сомасы 41,2 млн теңге болатын 501 айыппұл салды. Оның ішінде 249 айыппұл өз бетінше су пайдалануға қатысты — 22,3 млн теңге сомасына.
Комитетте ағымдағы жылы мемлекет су ресурстарын пайдалануды бақылауды күшейткенін еске салды. 10 маусымнан бастап Су кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес бассейндік су инспекцияларының өкілеттіктері кеңейтілді. ҚР Су кодексінің 53-бабына сәйкес инспекциялар болжамды өз бетінше су пайдаланудың алдын алу үшін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу саласындағы бақылауға жауапты Шу-Талас бассейндік су инспекциясы қызметінде жүйелік бұзушылықтарды анықтаған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции