Жыл басынан бері су заңнамасын бұзушылардан жалпы сомасы 2,9 млн теңге болатын 18 әкімшілік айыппұл өндірілді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы есепті кезеңде заңсыз су пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 6,4 млн теңге болатын 35 әкімшілік айыппұл салынған.
«Оның ішінде жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 1,4 млн теңге сомасына 12 әкімшілік айыппұл, ал құқық қорғау және мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар бойынша 5 млн теңге сомасына 23 әкімшілік айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік инспекциялары су заңнамасы талаптарының сақталуы бойынша 13 тексеру жүргізіп, оның барысында 8 бұзушылық анықтағаны атап өтіледі. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 7 нұсқама берілді.
Белгілі болғандай, 2024 жылы су заңнамасын бұзушылардан жалпы сомасы шамамен 44,5 млн теңге болатын 556 әкімшілік айыппұл өндірілген. Ал бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1855 бұзушылық анықтаған.
«Өткен жылы судың «қара нарығымен» күресу үшін министрлік жанынан Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылып, су инспекторларының саны 98-ден 210 адамға дейін өсті», - деп мәлімдеді ведомствода.
Өз кезегінде Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су заңнамасындағы жаңа өзгерістер туралы хабарлады.
«Жаңа Су кодексінде бассейндік инспекциялар қадағалау функцияларымен жүктелген, құжат күшіне енгеннен кейін олар жедел ден қою шараларын қабылдай алады. Сонымен қатар, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді», – деді Алдамжаров.
Фонд-бюро расследования коррупции