Абай облысындағы Орлов шахтасында тау массасының құлауы салдарынан бір жұмысшы қаза тауып, тағы бір зардап шеккенге медициналық көмек көрсетілді.
«2024 жылғы 19 қыркүйекте сағат 14:20 шамасында кәсіпорынның екі жұмысшысы жарақат алды. Алдын ала себеп – тау массасының құлауы. Зардап шеккендердің бірі ауруханада алған жарақаттарынан қайтыс болды. Екіншісіне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйінде», - деп хабарлады KAZ Minerals баспасөз қызметі.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, қайғылы оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды.
«KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы қайтыс болған адамның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен және терең көңіл айтады. Компания отбасына жан-жақты көмек көрсетеді», - деп мәлімдеді компанияда.
Сонымен қатар, CMN хабарлағандай, Абай облысы полициясы тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан фактісі бойынша тергеуді бастады.
Қазақстан мен Қырғызстандағы KAZ Minerals филиалдарында шамамен 14 мың адам жұмыс істейді. Компания акцияларының 63.5%-і кәсіпкер Владимир Кимге тиесілі, оның байлығы Forbes.kz бағалауы бойынша $3,6 млрд құрайды.
Еске салайық, кеше Жамбыл облысындағы байыту кешендерінің бірінде «АК Алтыналмас» АҚ жұмысшысын тау жынысы басып қалған. Іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Қыркүйек басында ШҚО-да мыс өндіретін KAZ Minerals компаниясына тиесілі Ертіс және Артемьевск шахталарында 5 жұмысшы қаза тапқан.
Өткен жылдың қазан айында ШҚО Глубокое ауданындағы KAZ Minerals компаниясының кенішінде жыныстың опырылуы орын алып, салдарынан екі адам зардап шеккен.
Фонд-бюро расследования коррупции