Skip to main content

ВАП 18 лауазымды тұлға мен 4 мемлекеттік органды нұсқамаларды елемегені үшін жауапкершілікке тартты

Submitted by News_editor on

18 лауазымды тұлға және 4 мемлекеттік орган Жоғары аудиторлық палатасының (ЖАП) нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоның баспасөз қызметі ЖАП нұсқамасы – бұл мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бұзушылықтар немесе кемшіліктер анықталған кезде берілетін ресми құжат екенін еске салды. Онда нақты шаралар, мерзімдер және жауапты тұлғалар көрсетіледі.

«Бұл мемлекеттік ден қоюдың маңызды тетігі, ол жіберілген кемшіліктер үшін жазалауға ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызды салаларда тәртіпті қалпына келтіруге және қайталанатын бұзушылықтардың алдын алуға арналған», – делінген хабарламада.

1 қазанға дейін ЖАП нұсқамаларын орындамаған немесе тиісінше орындамағаны үшін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының м.а. әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, «Семей» ӘКК» АҚ жауапты тұлғалары, бірқатар облыстардың басқарма басшылары, бірқатар қалалардың бөлім меңгерушілері, министрліктер мен басқа да ведомстволардың департамент директорлары әкімшілік жаза алды.

Сонымен бірге төрт заңды тұлға жауапкершілікке тартылды: қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті, су ресурстары және ирригация министрлігінің су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті, ҚР көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің аппараты.

Оған қоса, ЖАП нұсқамаларының жекелеген тармақтарын орындамауға байланысты Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау облысы Ұлытау ауданының әкімдіктеріне қатысты сотқа талап арыздар берілді. Мәселелер қаралу сатысында.

Еске салайық, 5 қарашада саланы дамытуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі тексерілгеннен кейін білім беру саласындағы бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

6 қарашада денсаулық сақтау министрлігінің және оған бағынысты ұйымдардың шенеуніктері ЖАП жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін жазаланды.

10 қарашада ведомство ветеринария, фитосанитария және азық-түлік қауіпсіздігі саласында бұзушылықтар анықтады, бұл бірқатар лауазымды тұлғалар мен мамандарға қатысты тәртіптік шараларға әкеп соқты.

12 қарашада ЖАП тексеруінен кейін туризм және спорт министрлігінің бағынысты ұйымдарындағы бірқатар спорт шенеуніктері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аудиторлар бюджет қаражаты мақсатсыз пайдаланылғанын, бухгалтерия бұзушылықтармен жүргізілгенін және мемлекеттік ұйымдарда бақылау әлсіз болғанын мәлімдеді.