Қазақстанда соңғы 3 жылда денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығындар 1,5 есеге өсті. Осы уақыт аралығында мемлекеттік бюджеттен 5,8 трлн теңге бөлінді.
Антикор қызметінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы медицинаға 1,6 трлн теңге, 2022 жылы - 1,7 трлн теңге, 2023 жылы - 2,5 трлн теңге жұмсалған.
2027 жылға қарай денсаулық сақтау жүйесіне арналған шығыстардың ЖІӨ-нің жалпы көлеміндегі үлесін 5%-ға жеткізу жоспарланып отыр (2023 ж. – 3,8%).
Сонымен қатар, ведомство осы салада көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтағаны белгілі болды.
«Сыртқы талдау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық жабдықтардың айналымының барлық кезеңдерінде, дәрілер мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемін жоспарлау процесінен бастап, оларды сатып алу, медициналық техникаға қызмет көрсету және отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар (оффтейк-келісімшарттар) жасасуға дейінгі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Дәрілік заттарға деген қажеттіліктің, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің құнының негізсіз жоғарылауы, әртүрлі ауруларға қарсы вакциналарды уақтылы сатып алмау, сұранысқа ие емес жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ негізсіз төлемдерді есептеу фактілері анықталды», - делінген хабарламада.
Антикордың ақпараты бойынша, жоғарыда аталған фактілердің себептеріне сатып алуды жоспарлау тетіктерінің автоматтандырылмауы, ақпараттық жүйелер мен деректер қорының жетілмегендігі, жеткізушілер арасында бәсекелестіктің болмауы, тиісті бақылаудың жоқтығы және т.б. жатады.
Талдау қорытындысы бойынша, Антикор Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша Жол картасын бекіткені белгілі болды.
Фонд-бюро расследования коррупции