Skip to main content

Спорт саласында 1,3 млрд залалды Антикор анықтады

Submitted by Вера Александрова on

2024 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласында бюджетке 1,3 млрд теңге көлемінде залал келтірген 60-қа жуық бұзушылықты анықтады.

Антикордың дерегінше, ведомство «Спортты дамыту дирекциясы» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директорына, оның орынбасарына және басқа да қатысы бар адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар «Artsport» бағдарламасы аясында бюджет қаражатын жымқыруға күдікті.

«Сонымен қатар , «Азия ойындары-2023» спортшыларының жабдығын, спорттық қызметтерді, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға және іссапар шығындарына бөлінген бюджет қаражатын иемденудің қосымша эпизодтары анықталды», - делінген хабарламада.

Аталған фактілер бойынша залалдың жалпы сомасы 746 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар Антикор Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты тағы бір тергеуді аяқтады.

Ол спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына шығуына қаражат бөлгені үшін ведомстволық Олимпиадалық резервті даярлау орталығының жаттықтырушысынан 1,7 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары оның мемлекетке ірі залал келтірген басқа да қылмыстарға қатысын анықтады.

Бұдан басқа, ШҚО-да өңірлік спорт басқармасының қызметкері және ведомстволық ұйымның басшылығы жалған оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 80 млн теңгені жымқырғаны үшін әшкереленді.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Artsport бағдарламасы және оған байланысты бұзушылықтар туралы жазған болатынбыз. Мысалы, Шымкентте Artsport бағдарламасы бойынша 56 млн теңгеден астам сомаға бұзушылықтар анықталды.

2022 жылдың соңында Бас прокуратура бірнеше өңірде жалпы сомасы 1,1 млрд теңге қаражаттың жымқырылғанын хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстанның алты өңірінде Artsport бағдарламасы бойынша балаларды бұрынғы сутенерлер мен секс-қызметкерлер жаттықтырғаны белгілі болды.

Айта кетейік, биыл Artsport бағдарламасына қаражат тек 5 өңірге бөлінді: Павлодар, Түркістан (2,1 млрд), Қарағанды (2,2 млрд) және Маңғыстау облыстарына (1,3 млрд), сондай-ақ Абай облысына (1,2 млрд).