Skip to main content

Антикор төрағасы Мемлекет басшысына есеп берді

Submitted by Вера Александрова on

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиді қабылдады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы ведомствоның жұмысы туралы баяндама жасады.

Асхат Жұмағали мемлекет басшысына 2023 жылы ведомство 1692 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркегенін, 1324 адамды әшкерелегенін, оның 161-і әртүрлі деңгейдегі басшылар екенін баяндады. Сотқа 1221 іс жіберілді.

Сондай-ақ, ол 2022 жылдан бастап мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 трлн теңге сомасына активтер мен ақша қаражаты қайтарылғанын хабарлады.

«Мемлекет басшысына бірқатар тергеулердің барысы туралы ақпарат берілді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша "РОП операторы" ЖШС-нің Қостанай және Қарағанды облыстарында орналасқан жалпы құны шамамен 20 млрд теңге болатын 2 зауыты мемлекет меншігіне берілді. К. Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында 2024 жылдың басынан бастап бюджетке тағы 82,6 млрд теңге (185 млн доллар) түсім қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Ақмола облысы Қосшы қаласындағы нарықтық құны 13 млрд теңгеден асатын 942 га жер учаскелері мемлекетке қайтарылды», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мемлекеттік сатып алу порталын мониторингтеу барысында 41,3 млрд теңге сомасында қаражаттың жұмсалуы анықталғанын айтты. Агенттік арнайы ЦОНдарда автокөлікті тіркеу кезінде манипуляцияларды анықтады. Олқылықтарды жоюдың арқасында 2023 жылы бюджетке автокөліктерді тіркеуден түсетін мемлекеттік баждар мен төлемдердің түсімі өсіп, 91,4 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, Асхат Жұмағали ағымдағы жылы спортты қаржыландыру саласындағы жымқыру фактілері бойынша 18 қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды сатып алу бөлігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар "СК "Фармация" ЖШС-де тексерулердің аяқталғаны туралы айтты.

«"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік" жобасы аясында тауарлар мен қызметтердің бағасын 2 млрд теңгеден астам сомаға асыра көтеру тәуекелдерінің алды алынды, шамамен 10 мың азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілді. Ұлттық банктің "Цифрлық теңге" жобасы арқылы "ақшаны бояу" тетігін енгізу мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта цифрлық теңге пилоттық режимде Алматыдағы мектептердің бірінде іске асырылуда», - деп баяндады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.

Сонымен қатар, Асхат Жұмағали 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Transparency International рейтингінде (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) 180 елдің ішінде 93-орынды иеленгенін атап өтті.