Skip to main content

Туркістан облысында 2,2 млрд теңгеге жол құрылысы бойынша шарттар негізсіз жасалған

Submitted by Вера Александрова on

Антикор Түркістан облысының автомобиль жолдары саласында жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғаушылар автомобиль жолдарын салу және жөндеуге 2,2 млрд теңге сомасына бәсекелестік емес тәсілмен шарттарды негізсіз жасасу фактілерін анықтаған. 

«Әкімдіктер төтенше жағдайлардың салдарын жою қажеттілігі немесе зияткерлік меншік объектілерін сатып алу сылтауымен нақты мердігерлерді іріктеп алған. Бұл конкурстық рәсімдерді айналып өтуге және жұмыс тәжірибесі мен ресурстары жоқ фирмаларға басымдық беруге мүмкіндік берген», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар әкімдіктер сметаға күтпеген шығыстарды негізсіз енгізген, бұл жұмыстардың 177 млн теңгеге қымбаттауына әкеп соқты.

Одан басқа, жергілікті атқарушы органдар қажетсіз болған жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге 210 млн теңге жұмсаған.

Талдау қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды, ал Түркістан облысының әкімдігі жолдарды орташа жөндеу бойынша күтпеген шығыстарды алып тастады. Сонымен қатар Антикор қаржыландырусыз ЖСҚ әзірлеуге жол бермейтін заңнамалық өзгерістерді бастамашы етті.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында Антикор елімізде автомобиль жолдары саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтаған еді. Сонда 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға азаматтардан жолдардың сапасыздығына байланысты 20 мыңнан астам шағым түскені атап өтілген болатын. Жұртшылық мұны сыбайлас жемқорлықпен байланыстырған. 

2024 жылдың басынан бері Антикор осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді. Ведомство қызметкерлері жолдарды салу және жөндеудің барлық кезеңдерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалатынын анықтады.

Желтоқсанның басында Антикор Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі кезінде жұмыстардың құнын негізсіз көтеруді анықтаған болатын. Әкімдіктер жөндеу сметасына жоба сомасының 2% мөлшерінде күтпеген шығыстарды енгізген, ал заңда мұндай шығындар көзделмеген. Нәтижесінде жол жөндеу құны 840 млн теңгеге өскен.

Одан сәл бұрын Қызылорда прокуратурасы анықтағандай, қала әкімдігі уәкілетті органға жол жөндеу жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама жібермеген. Белгілі болғандай, қалалық әкімдік Қызылорда облысының бақылау басқармасына хабарлама жібермей, төрт көшеде жөндеу жұмыстарын бастаған. Соның салдарынан лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.