Астанада шетелден әкелінген автокөліктерді алымдар мен төлемдерді төлемей заңсыз тіркеумен айналысқан Арнайы ЦОН қызметкерлері, полиция қызметкерлері және азаматтық тұлғалар сотталды.
Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушылар ұйымдасқан топ құру және оны басқару, мемлекетке залал келтіру, «СЦ «Web-Модуль» және «ИИС ЦОН» ақпараттық жүйелеріне автокөліктер туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, сондай-ақ мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау арқылы айыпталды.
2022 жылғы қаңтардан мамырға дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркегені хабарланды. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 1,2 млрд теңгені құрады.
Нәтижесінде сот 32 адамды соттады. Қылмыстық топтың ұйымдастырушылары - Астана №2 Арнайы ЦОН басшысы Ш. Бөкебаевқа және Арнайы ЦОН мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Топтың бес мүшесі 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 17 «көмекші» әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жазаға кесілді.
Сонымен қатар, тағы бірқатар сыбайластар 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруға дейінгі мерзімге сотталды. Сондай-ақ олар атақтарынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
Еске салайық, бұған дейін Антикор ІІМ-мен бірлесіп арнайы ЦОН қызметіне мониторинг жүргізген еді, соның нәтижесінде ІІМ бірқатар шаралар қабылдады: өз бөлімшелерінде көлік құралдары туралы деректерді өзгертуге қолжетімділікті жауып, көлік тіркеу кезінде міндетті биометрияны енгізді, тестілеудің барлық процесін бейнетіркеумен қамтамасыз етті, емтихандарды қайта тапсыру регламентін өзгертті.
Айта кетейік, жақында біз хабарлағандай, 2024 жылғы сәуірде Қытаймен шекарада тексеру кезінде Евро-4 және Евро-5 экологиялық стандарттарына сәйкес келмейтін қытай техникасының бірнеше ондаған бірлігі анықталды.
Фонд-бюро расследования коррупции