Skip to main content

«СПК Қызылорда Балық» басшылығы 254 млн теңгеге балықты заңсыз экспорттағаны үшін сотталды

Submitted by News_editor on

Қызылорда облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Департаменті «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. Компания басшылығы балық өнімдерінің шығу тегі туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, алабұға филесін Еуропалық Одаққа экспорттауды ұйымдастырған.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына әдейі жалған мәліметтер беріп, жалпы құны 254 млн теңге болатын 75 тоннадан астам алабұға филесін экспорттаған.

Өнімнің шығу тегіне заңды көрініс беру үшін компания балық өсіруге немесе өндіруге жағдайы жоқ, өзіне қарасты шаруашылықтардан балық сатып алу туралы құжаттарды ресімдеген.

«Шаруашылық аумағындағы су қоймалары толығымен құрғап кеткен, ал құжаттамада көрсетілген жүк көліктері іс жүзінде тасымалдауды жүзеге асырмаған және салқындатылған балықты тасымалдау үшін қажетті тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталмаған», — делінген хабарламада.

Сот кәсіпорынның құрылтайшысы Ерхатов А. және директоры Қайыпназарова Л. кінәлі деп танып, оларға 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.

Мемлекет пайдасына 254 млн теңге көлеміндегі қылмыстық кіріс өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың тамыз айында Алматы облысы Қонаев қаласының сотында ерекше ірі мөлшерде балық өнімдерін контрабандалау ісі бойынша үкім шығарылған болатын.

Хабарланғандай, компания басшысы 2021 жылдың қазан айынан 2022 жылдың қыркүйек айына дейін браконьерден балық сатып алып, кейін оны Еуропалық Одақ елдеріне экспорттаған.