Ақмола облысында әрекетке қабілетсіз азаматтарға қорғаншы тағайындау кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Қорғаншылар болып бұрын сотталғандар және психикалық ауытқулары бар адамдар тағайындалған.
Өңір прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік органдар ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіру үшін сотталған азаматтарды қорғаншы етіп тағайындаған, бұл заңнама талаптарына қайшы келеді. Заң соттылығы алынбаған немесе өтелмеген адамдарды, сондай-ақ психикалық аурулары бар азаматтарды қорғаншы етіп тағайындауға тыйым салады.
Қадағалау органының хабарлауынша, бір жағдайда екі әрекетке қабілетсіз азаматтың қорғаншысы бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған ер адам болып шыққан. Екінші жағдайда «шизофрения» диагнозы қойылған адам қорғаншы етіп тағайындалған.
Тексеру сондай-ақ уәкілетті органдардың қайтыс болған азаматтарды есептен шығармағанын анықтады: базада «әрекетке қабілетсіздер» санаты бойынша есепте тұрған 28 қайтыс болған адам тіркеліп қалған.
Прокурорлық ықпал ету қорытындысы бойынша бұрын сотталған қорғаншылар мен психикалық ауытқулары бар адамдар міндеттерін орындаудан шеттетілді. Деректер сәйкестендірілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, сәуір айында Жетісу облысының прокурорлары анықтағандай, өңір мектептерінде үш күзетші жұмыс істеген, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мысалы, олардың бірі бұрын ерекше ірі мөлшерде есірткі затын сақтағаны үшін 11 жыл бас бостандығынан айыруға сотталған.
Бұдан басқа, Текелі қаласындағы балалар лагерлерінің бірінде прокуратура есепте тұрған, «паранойялық шизофрения» диагнозы қойылған медицина қызметкерін анықтады.
Сондай-ақ Павлодар облысының балабақшаларының бірінде кісі өлтіргені үшін сотталған адам шамамен 5 жыл жұмыс істегені хабарланған болатын. Басқа білім беру мекемелерінде ұрып-соғу және дене жарақатын салу үшін тартылған қызметкерлер анықталды.
Фонд-бюро расследования коррупции