Skip to main content

Медиктерді БҚО-дағы онкологиялық аурулармен ауыратындардың құқықтарын бұзғаны үшін жазалады

Submitted by Вера Александрова on

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы өңірдегі онкологиялық диспансерлерде жүйелі бұзушылықтарды анықтады.
 
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының талаптарын елемеген.
 
Атап айтқанда, 58 азамат онкологиялық ауруларға және ағза функцияларының тұрақты бұзылыстарына қарамастан мүгедектікке ие болмаған.

«Белгіленген талаптарға қарамастан, медицина қызметкерлері оларды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібермеген, бұл азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына әкеп соқты», - делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша онкологиялық науқастарды медициналық сараптамаға жіберуге дайындап жатыр.
 
Жіберілген бұзушылықтар үшін онкологиялық диспансердің кінәлі лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
 
Еске сала кетейік, қараша айының басында Ақмола облысы прокуратурасы анықтаған 109 онкологиялық науқастың құқығы бұзылған болатын. Белгілі болғандай, уәкілетті орган оларды мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібермеген.