Skip to main content

Сот Жамбыл облысында өтелмеген грант үшін 1,7 млн теңге өндіріп алды

Submitted by fbrk_news on

(24 ақпан 2026 | Дереккөз: Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі)

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқыған түлек міндетті жұмыстан бас тартқаннан кейін 1,7 млн теңгені қайтаруға міндетті. Мұндай шешімді Жамбыл облысы Талас аудандық соты шығарды.

МІНДЕТТЕМЕ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ

Сот мәліметінше, 2018 жылы Астана қаласы білім басқармасы, университет және азамат арасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру қызметін ұсыну туралы үшжақты шарт жасалған.

Шарт талаптары бойынша студент оқуды бітіргеннен кейін жергілікті атқарушы органның жолдамасы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс болған. Бұл міндеттемені орындамаған жағдайда оқу шығындарын өтеу көзделген.

ОҚУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТУ

Жауапкер 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде «География» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім туралы диплом алған.

Алайда оқуды бітіргеннен кейін уәкілетті органның жолдамасы бойынша жұмысқа орналасу міндеттемесі орындалмаған. Іс материалдарында жұмыстан бас тартудың себебі нақтыланбаған.

Қанша қаражатты қайтаруды талап етті

Оқу орнының мәліметі бойынша, оқуға 4,6 млн теңге бөлінген, оның:

  • 1,7 млн теңге — оқу құны;
  • 2,8 млн теңге — төленген шәкіртақы.

Талапкер шәкіртақыны есепке алмай, тек оқу құнын өндіруді сұраған.

Сот отырысында жауапкер берешектің бар екенін мойындап, кезең-кезеңмен өтеу мүмкіндігін беруді сұраған.

СОТ ШЕШІМІ

Сот талапкердің талаптарын заңды және негізді деп таныды.

Сот шешімімен жауапкерден Астана қаласы білім басқармасының пайдасына 1,7 млн теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне мемлекеттік баж өндірілді.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.