Шымкент қаласындағы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Департаменті М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру және мүлікті заңдастыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер қатарында: ректор міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.
Тергеу барысында университет жалпы сомасы 256 млн теңгеге қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау және тауарларды жеткізу бойынша жалған келісімшарттар жасасқаны анықталды.
Алайда жұмыстар іс жүзінде жүргізілмеген, ал ақша орындалған жұмыстардың жалған актілері негізінде үлестес мердігер ұйымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Күдіктілер қылмыстық кірістерге жалпы құны 254 млн теңге болатын 6 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және т.б.) және Шымкент қ. орталығындағы элиталық коттедж сатып алған, оларға сот санкциясымен тыйым салынды», - делінген хабарламада.
Төрт күдіктіге қатысты үй қамағы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Еске салайық, бұрын Астанада сотталған ЖОО-ның бұрынғы қызметкері студенттер мен олардың ата-аналарының ақшасын иемденіп, оларды гранттық оқытуға ауыстыруға уәде берген еді.
Фонд-бюро расследования коррупции