Skip to main content

Сот Туркістан әуежайын монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 14,3 млн теңгеге айыппұл салды

Submitted by fbrk_news on

(23 ақпан | Дереккөз: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі) 

«Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды: компания кәсіпкерлерден әуежай аумағында авиаотынды сату құқығы үшін алым алған. Бұзушылықтар Түркістан облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) департаментімен анықталды, сот 14,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

 ТЕРГЕУ БАРЫСЫ

БҚДА департаменті авиаотынды бөлшек сату нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізді. Оның нәтижелері бойынша «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ үстем жағдайды иеленіп, кәсіпкерлерге келісімдердің мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді таңғаны анықталды.

БҰЗУШЫЛЫҚ НЕДЕН ТҰРДЫ

Тергеуге сәйкес, компания кәсіпкерлік субъектілерінен әуежай аумағында авиаотынды сату құқығы үшін алым алған. Департамент бұл әрекеттерді ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 4) тармақшасын («Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану») бұзу ретінде саралады.

СОТ ШЕШІМІ

Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ-ты кінәлі деп танып, ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігі («Монополиялық қызмет») бойынша 14,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Еске сала кетейік, 19 ақпанда ҚР БҚДА департаменті «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС-ке қатысты тергеуді аяқтады. Сот компанияны авиаотынға жоғары баға белгілеу кезінде үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 8,8 млн теңге айыппұл және 8,5 млн теңге кірісті тәркілеу түрінде жаза қолданды.