Skip to main content

Сот шешімі бойынша Алматы тау бөктеріндегі ірі нысан бұзылып жатыр

Submitted by Вера Александрова on

Алматыда таулы жердегі Қыз Жібек көшесі бойында заңсыз салынған құрылысты бұзу жұмыстары басталды. Аумағы шамамен 544 ш.м. болатын нысанды меншік иесі рұқсат құжаттарынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз салған.

«Басқарма жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша меншік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі, 321, 322-бабы 1-бөлігі, 463-бабы 1-бөлігі бойынша шаралар қабылдады, сондай-ақ жіберілген бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», - деп хабарлады Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі.

Алайда меншік иесі нұсқама талаптарын орындамаған, және ол қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Өткен жылы Медеу аудандық соты басқарманың нысанды бұзу туралы талап арызын қанағаттандырғаны, содан кейін меншік иесінің апелляциялық шағымы бойынша сот талқылаулары жүргізілгені атап өтіледі. Кейін Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырды. 

Нысанды бұзу сот орындаушыларының қатысуымен басталғаны хабарланады.