Жыл басынан бері Алматының құрылыс нысандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бұзушылықтарды жою үшін 211 нұсқама берілді. Өткен жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілген болатын.
«2023 жылдың басынан бері соттарға құрылыс нормаларын бұзу бойынша 206 талап-арыз жіберілді, оның 100-і бойынша іс қарау бүгінгі күнге дейін жалғасуда», - деп хабарлады zakon.kz Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, таулы жерлерде заңсыз салынған 45 нысанға қатысты сотқа талап-арыз берілгені, 36 нысан бойынша талап-арыздар қанағаттандырылғаны атап өтіледі.
«Жалпы, қала бойынша талап-арыз қызметінің нәтижелері бойынша 2023 жылдан бері 28 заңсыз нысан бұзылды, оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, қосалқы құрылыстар және автосервистер, сондай-ақ «Мечта» және «KHAN» сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, әкімдік әлі 2022 жылдың маусымында қалалық мәслихат беткейлердің еңістігі 15 градустан асатын учаскелерде құрылыс салуға тыйым салуды бекіткенін еске салды.
«Қабылданған өзгерістер Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары мен жаңа егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында көрініс тапты, оларға қала тұрғындары мен сарапшылармен өткен қоғамдық талқылаулардың қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар енгізілді. Оның бірі – тау бөктеріндегі 4270 гектардан астам жерді рекреациялық аймақтарға ауыстыру, онда да құрылыс салуға тыйым салынады», - деп хабарлады әкімдік.
2022 жылы тау бөктерінде 36 нысанның құрылысына рұқсат беруден бас тартылғаны, 2023 жылы – 89, ал ағымдағы жылы – 32 нысанға рұқсат берілмегені атап өтіледі.
Еске сала кетейік, бұрын хабарланғандай, Алматының Каменка үстіртінің тау бөктерінде «Мечта» тұрғын үй кешені бұзылды, ол алма бағының орнында заңсыз салынған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции