Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство СҚО-ның бір ауданы әкімінің орынбасарына және әкімдік бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Лауазымды тұлғалар кәсіпкерден аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жөніндегі болжамды орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою және жалпы қамқорлық көрсету үшін 10 млн теңге көлемінде пара алуға күдікті.
Тергеу судьясының санкциясымен оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Тергеу жалғасуда. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы Антикоры әшкерелеген «Алматы Су» ШЖҚ МКК бас директорының орынбасарын ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп күдіктенуде.
Ол жергілікті кәсіпкерден болжамды орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою және жасалған мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша қаражат төлеу үшін шамамен 75 млн теңге көлемінде пара алуға күдікті.
Фонд-бюро расследования коррупции