Ақтөбе гарнизонының әскери соты ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының бастығы мен аға тергеушісіне үкім шығарды.
Әскери соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы желтоқсанда іске қатысты адамдар әріптестерінің бірінен жұмыстан шығару және өзге де салдарлармен қорқытып, 1 млн теңге көлемінде пара талап еткен. Кейін айыпталушылар 700 мың теңгені алу сәтінде ұсталған.
Сотталушылар кінәсін мойындамады, алайда сот олардың кінәсін жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, тергеу материалдарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелдеді.
Нәтижесінде басқарма бастығына 9 жыл бас бостандығынан айыру, ал аға тергеушіге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Оларға өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салынды, сондай-ақ әскери атақтарынан айырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін пара алу үшін Қорғаныс министрлігінің Бас әскери инфрақұрылым басқармасында (БӘИБ) күрделі құрылыс басқармасының бастығы қызметін атқарған қызметкері Ербол Тәжібаев сотталды.
Бастапқыда тергеу оған аса ірі мөлшердегі санатқа сәйкес келетін 200 млн теңге алу әрекетін таңған, алайда сот сатысында іс қайта сараланды және нәтижесінде сотталушы мүмкін болған 15 жылдың орнына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Фонд-бюро расследования коррупции