Skip to main content

Түркістан облысында жалған жұмысқа орналастыру арқылы 50 млн теңге көлеміндегі субсидиялар жымқырылды

Submitted by Вера Александрова on

Түркістанда жұмысқа орналастырылған азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша айыптау үкімі шығарылды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) баспасөз қызметінің мәліметінше, «Еңбек мобильділігі орталығы» МКК бұрынғы директоры, «Жұмыс берушілерге қолдау көрсету» бөлімінің қызметкері және бірқатар коммерциялық ұйымдардың басшылары жалған жұмысқа орналастыру арқылы мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. 

Орталық қызметкері кәсіпкерлердің электронды цифрлық қолтаңбаларына қол жеткізіп, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуға өтінімдер жіберіп, оларда жоқ лауазымдарды көрсеткен.

Өтінімдер бекітілгеннен кейін азаматтарды жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар ресімделген. Кәсіпкерлер таныстары мен туыстарын тартып, оларға тиісті жарналарды есептеу үшін банктік шоттар ашуды ұсынған, алайда шоттар субсидияларды шығару үшін пайдаланылған. Жүйеге ай сайын әдейі жалған жұмыс уақытын есепке алу табельдері енгізілген.

Мемлекет аударған қаражатты кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға айналдырып, бөлімше қызметкеріне берген, ол ақшаны схемаға қатысушылар арасында бөлген. 

Хабарланғандай, нәтижесінде 78 адам жалған жұмысқа орналастырылған, ал мемлекетке келтірілген залал 49 млн теңгеден асқан.

Сот үш айыпталушыға төрт жарым жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Екі кәсіпкерге төрт жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында сот аудандық ветеринариялық қызмет қызметкерлері мен ауылдық елді мекендердің бірінің тұрғындарына қатысты үкім шығарған болатын. Олар мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік субсидияларды жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Олардың ақпараттық жүйеге іс жүзінде жоқ 100 мың басқа жуық ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз енгізгені хабарланды. Жалған деректер негізінде олар 271 млн теңге субсидия алып, ақшаны өзара бөліскен.