Skip to main content

Шығыс Қазақстан облысының коммуналдық кәсіпорнының директоры 120 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға күдіктеледі

Submitted by News_editor on

Департамент Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісін тергеп жатыр. Күдіктілер арасында «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022–2023 жылдары іске қатысты адамдар қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларды айналып өтіп, аффилирленген компанияларға заңсыз ақша аударған.

Тергеу нұсқасы бойынша, схема битум мен құм жеткізу, суды сорғызу үшін арнайы техниканы жалға алу және бұрын орнатылған 23 аялдама павильонына материалдар сатып алу туралы жалған құжаттарды рәсімдеуден тұрған.

Содан кейін ақша қаражаты жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Келтірілген залал сомасы 120 млн теңгеден асқан.

Хабарланғандай, күдіктілер осы қаражатқа мүлік сатып алған: Өскеменнің элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6 M және Subaru Forester автокөліктері, сондай-ақ жер телімдері.

Сот шешімімен активтерге тыйым салынды. Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.