Skip to main content

Өскеменде мас күйінде көлік жүргізгені үшін прокурор жұмыстан босатылды

Submitted by Вера Александрова on

Өскемен қалалық прокуратурасы бөлімінің прокуроры Виллори Пан мас күйінде көлік жүргізуге байланысты әкімшілік құқықбұзушылық жасағаннан кейін жұмыстан шығарылды.

Zakon.kz деректері бойынша, бұған дейін әлеуметтік желілерде Пан көлік жүргізіп келе жатып, шам бағанасына соғылып, полициядан жасырынуға тырысқаны туралы ақпарат пайда болған. Хабарламаларда сондай-ақ сараптама оның қанынан алкоголь мен марихуана іздерін анықтағаны айтылған.

Бұл мәліметтер ресми түрде расталмады, алайда Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі «құқық қорғау органын беделсіздендіретін теріс қылық жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Пан В. Б. жұмыстан шығарылып, «1-сыныпты заңгер» атағынан айырылды» деп хабарлады.

Нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот прокурорды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігінде («Көлік құралын мас күйінде басқару») кінәлі деп таныды.

Оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалып, көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Өскемен прокуроры Темірлан Шақпантаевтың өз қарамағындағы Ярков пен Меренбаевты ұрып-соққан деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын.

Прокурордың мас күйінде болып, әріптестерін кабинетке шақырып алып, оларды ұрып-соққаны хабарланған. Сонымен қатар, ол еш негізсіз қызметкерлерді түнгі сағат екіде дабылға көтергені айтылады.

ШҚО прокуратурасы қала прокурорына қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын растады.