Skip to main content

New Balance компаниясы жамбылдық кәсіпкерден контрафактілік тауар үшін сотты жеңіп алды

Submitted by Вера Александрова on

Жамбыл облысының сотына американдық «New Balance» компаниясы жергілікті кәсіпкерге тауар белгілерін заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы өндіру туралы талап қойды.

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, талапкер осы тауар белгісіне айрықша құқықтардың иесі болып табылады.

Шетелдік компанияға жауапкердің келісімінсіз «Kaspi.kz» қосымшасындағы интернет-дүкенінде тауар белгісін пайдаланатыны белгілі болды. 

«Талапкер жауапкерден тауарға тапсырыс берген, бұл фискалдық чекпен, фотосуретпен, сондай-ақ сатып алудың бейнежазбасымен расталады, осылайша жауапкердің контрафактілік тауарды сатқандығы дәлелденді», - делінген хабарламада.

Іс материалдарын зерделей келе, сот тараптарды татуластыру шараларын қолданды, содан кейін тараптар бітімгершілік келісім жасасты.

Келісім шарттары бойынша жауапкер 100 мың теңге көлеміндегі талапты мойындады: 73 мың теңге көлеміндегі өтемақыны өндіру және бұзушылықты бекітуге кеткен шығыстар - 27 мың теңге. Сондай-ақ кәсіпкер талапкердің тауар белгілерін пайдаланбауға міндеттелді. 

Өз кезегінде американдық компания 296 мың теңге көлеміндегі өтемақыдан бас тартты. Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатып, талапкерге мемлекеттік баж салығын қайтарды.