Skip to main content

«ҚазАвтоЖол» филиалының директоры 4 млн пара алғаны үшін 8 жылға сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Павлодар соты «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры мен бас маманын пара алу фактісі бойынша соттады. 

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың маусым айында директор А.М. және «ҚазАвтоЖолдың» бас маманы Ө.З. «Павлодар - Астана» автомагистраліне қызмет көрсету бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қоймай, шартты бұзамын деп қорқытып, мердігер ұйымнан пара ретінде 4 млн теңге алған.

«Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, заттай және құжаттық дәлелдемелермен дәлелденді. Сондай-ақ А.М. осы факті бойынша ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп айыпталды», - делінген хабарламада.

Сот кәмелетке толмаған балалардың барын ескеріп, компания директорына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, бас маман 7 жыл бас бостандығынан айырылды. 

А.М. лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген факт бойынша қылмысқа қатысуы дәлелденбегендіктен ақталды. Үкім әлі заңды күшіне енбегені хабарланады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысының Антикоры «КазАвтоЖол» облыстық филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты «Қордай» өткізу пунктін салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Алдын ала залал сомасы 194 млн теңгеден астамды құрады.