Қарағанды облысында ірі коммуналдық кәсіпорын «Балқаш Жылу» ЖШС директорының орынбасары мен бас бухгалтеріне қатысты үкім жарияланды.
Балқаш қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, олар алдын ала сөз байласу арқылы қызмет бабын пайдаланып ұрлық жасау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру бойынша айыпталған.
Сот анықтағандай, айыпталушылар 2020 жылғы маусымнан 2023 жылғы қаңтарға дейін «Балқаш Жылу» ЖШС-нің ақша қаражатын негізсіз түрде өздерінің жеке шоттарына және заңды тұлғалардың деректемелеріне аударған. Сонымен қатар, айыпталушылар өздері иемденген мүлікті заңдастырған.
Нәтижесінде айыпталушылардың біріне сот 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру, екіншісіне - 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда тауарлық-материалдық құндылықтарға билік етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылады.
««Балқаш Жылу» ЖШС-нің материалдық залалды өтеу туралы талап арызы қанағаттандырылды. Айыпталушылардан бірлесіп, жәбірленушінің пайдасына материалдық залал сомасы өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, ұрлық пен ақшаны жылыстату нәтижесінде «Балқаш Жылу» ЖШС басшылығы кәсіпорынға 708 млн теңге көлемінде залал келтірген. Ұрланған қаражат Балқаш ЖЭО жөндеуге және жылумен жабдықтау желілерін ұстауға арналған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции