Мәжіліс жаңа Құрылыс кодексін және онымен байланысты «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Nationalbusiness.kz деректері бойынша, пысықтау барысында депутаттар елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу мерзімдерін нақтылап, мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтті.
Енді мәслихаттар бас жоспарларды түзете, әкімдіктердің оларды іске асыру туралы есептерін қарай, мониторинг жүргізіп, нәтижелерін жариялай алады. Сонымен қатар, кодекс қала құрылысы жобаларын қоғамдық талқылаудың міндеттілігін бекітеді.
Құжатта елді мекендердің бас жоспарлары мен елдің аумақтық ұйымдастыру схемасы бірден 20 жылға әзірленетіні атап өтілген. Сондай-ақ, негізгі жаңалықтардың бірі кепілдік мерзімдерін ұлғайту болды:
- көтергіш конструкциялар, шатыр, қасбеттер және сыртқы қабырғалар үшін – 10 жылға дейін;
- бүкіл нысан бойынша жалпы – 5 жылға дейін.
Қазіргі уақытта кепілдік мерзімі екі жылды құрайды. Депутаттардың айтуынша, бұл шешім мердігерлердің жауапкершілігін арттыруға және халық үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, кодекс сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс нормаларын қатайтады. Жобалау мен құрылыс салу микроаймақтандыру карталарын, сел мен көшкін қаупін ескеруі тиіс. Инженерлік ізденістерсіз жобалық құжаттаманы әзірлеуге және құрылысты бастауға тыйым салынады.
Жаңа институттардың ішінде аяқталған құрылысқа жауап беретін «техникалық тапсырыс беруші» ұғымы енгізіледі. Сонымен қатар, түзетулердің үлкен блогы цифрландыруға арналды.
«Барлық негізгі процестер «бір терезе» қағидаты арқылы «Мемқалакадастр», «Е-ТКҚ» және «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйелеріне интеграцияланады. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы автоматтандырылады, ал жобалау кезінде ақпараттық модельдеу технологияларын қолдану міндетті болады», — делінген хабарламада.
Оған қоса, депутаттардың бастамасы бойынша астананың аумақтық, көліктік және қала құрылысын жоспарлауды интеграциялау женіндегі түзетулер қабылданды. Бұл көшелердің өткізу қабілетін ескеруге, апаттылықты азайтуға және неғұрлым теңгерімді қалалық орта құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Байланысты заң жобасы авариялық және ескі тұрғын үйді қайта жаңғыртуды, әлеуметтік нысандарды салуды және тұрғын үй қорын жаңартуды реттейтін нормаларды қамтиды. Әзірлеушілердің айтуынша, шаралар жаңғырту процестерін жеделдетуге және ғимараттардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Депутат Мұрат Әбеновтің хабарлауынша, екінші оқылымға Құрылыс кодексінің жобасы бойынша 2007 түзету және байланысты заң жобасы бойынша 265 түзету түсті.
Фонд-бюро расследования коррупции