Денсаулық сақтау министрлігі тіс протездеу қызметтерін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (БЖЗҚ) есебінен төлеу мүмкіндігін жоятын бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Informburo.kz мәліметінше, шешім көптеген бұзушылықтар мен қаражатты мақсатсыз пайдалану жағдайларына байланысты қабылданған.
«Бұйрық жобасында жинақтарды мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталғандықтан, стоматологиялық қызметтерге (тіс протездеу, имплантация) біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану нормасын алып тастау көзделген», — делінген құжат сипаттамасында.
Қоғамдық талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазіргі уақытта жобаға ешқандай пікір түспеген.
Бұған дейін, 27 сәуірде, медициналық құжаттарды қолдан жасау және ақшаны заңсыз шығару фактілерінен кейін бақылауды күшейту үшін ережелерге өзгерістер енгізілген еді.
9 қыркүйекте Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа зейнетақы жинақтарын пайдалану кезіндегі бұзушылықтар туралы баяндады. Оның мәліметінше, БЖЗҚ-дан стоматологиялық қызметтердің атымен негізсіз шамамен 200 млрд теңге шығарылған.
Осыдан кейін 15 қыркүйекте Отбасы банк зейнетақы қаражаты есебінен тіс емдетуге өтініштерді қабылдауды уақытша тоқтатты. Сол күні Атырау облысында жинақтарды шығаруға көмектескен бес қылмыстық топ анықталды. Схемаға 30-дан астам стоматологиялық клиника тартылған.
Фонд-бюро расследования коррупции