Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) төрағасы Жанат Әлимановты қабылдап, ведомствоның жұмысы туралы есепті тыңдады.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚМА қызметкерлері 24 млрд теңгеден астам қолма-қол ақшаға айналдырылған жалған компанияларды әшкерелеп, 20 заңсыз криптоайырбастау пунктінің қызметін тоқтатты.
Сондай-ақ, Агенттік ТМД-дағы ең ірі криптосервисті жойды, ол 20 Darknet платформасымен және 200-ден астам есірткі дүкенімен ынтымақтастықта болған. Құны 9,7 млн доллар виртуалды активтер тоқтатылды.
Сонымен қатар, ведомство басшысы 720 қылмыстық іс бойынша тергеулердің аяқталғанын, сондай-ақ 15 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде үш трансұлттық топтың жойылғанын хабарлады.
Бұдан басқа, ҚМА қызметкерлері 17,1 млрд теңгеге мұнай өнімдерінің заңсыз шығарылуының жолын кесіп, темекі өнімдері мен суррогат алкоголь өндіретін жасырын цехтарды анықтады. Көлеңкелі айналымнан 12 млрд теңгеге вейптер тәркіленді.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары 63 инфрақұрылымдық жоба бойынша 164 млрд теңге негізсіз шығындардың, ал ауыл шаруашылығы саласында 11 млрд теңге субсидиялардың тиімсіз пайдаланылуының алдын алды. БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры)-дан жалған стоматологиялық қызметтерге 200 млрд теңге заңсыз алынған фактілер анықталды.
Азаматтардың мүддесінде ҚМА 71 млрд теңге залал келтірілген заңсыз микрокредиттеу бойынша 23 тергеуді бастады. 300 мыңнан астам қарыз алушының қарыздарын қайтару және есептен шығару бойынша жұмыс жүргізілуде.
112 мыңнан астам азаматты тартқан 45 қаржылық пирамида жойылып, 31,5 мың алаяқтық сайт пен құмар ойын ресурстары бұғатталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Жанат Әлимановқа ведомство қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Фонд-бюро расследования коррупции