Skip to main content

Мемлекет ҚҚС шегі бойынша ымыралы шешімді жариялады

Submitted by Вера Александрова on

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет пен депутаттар қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша шекті мөлшер мен салық мөлшерлемесі мәселесінде ымыраға келгенін мәлімдеді. 

Tengrinews.kz деректеріне сәйкес, қазір Мәжілісте жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулер бірінші оқылымда қаралуда. Серік Жұманғарин өз баяндамасында үкімет пен депутаттарға ортақ тәсілдерді әзірлеу мүмкін болғанын айтты.

«ҚҚС 16% (қазір 12%) құрайды. ҚҚС бойынша шекті мөлшер 40 млн теңге деңгейінде белгіленеді. Бұл біз қол жеткізген ымыраның жемісі. Бірақ айтайын дегенім, осыған байланысты біз 160 мың жаңа салық төлеушіден айырылып, шамамен 400 млрд қосымша түсімді жинай алмаймыз. Мұны бизнесмендеріміз біздің үкімет пен Парламенттің осындай ымыраларға баруға дайын екенін түсінуі үшін айтып отырмын», - деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, Қазақстанда жаңа ЖК ашуды қатаңдататын нормалар да дайындалған. 

«Бұрын бұзушылық жасағандар, қосымша жұмыс істемейтін ЖК-лері барлар үшін жаңа ЖК ашу күрделі процесс болады», - деп қосты вице-премьер.

Сонымен қатар вице-премьер кәсіпкерлер үшін жаңа арнайы салық режимінің (АСР) негізгі параметрлерін айтты. Реформа салық жүйесін жеңілдетуге және халықпен жұмыс істейтін бизнесмендерді қолдауға бағытталғаны атап өтілді.

«Енді ол оңайлатылған декларация негізіндегі АСР деп аталады. 600 мың АЕК көлеміндегі кіріс лимиті қазіргідей сақталады», - деп хабарлады Жұманғарин.

Тағы бір жаңалық – АСР қолданатын кәсіпкерлер үшін жұмысшылар саны бойынша шектеулердің алынуы. Белгілі болғандай, жаңа режим бойынша салық мөлшерлемесі 4% құрайды, ал жергілікті мәслихаттар оны екі есеге төмендету құқығына ие болады.

«Үкімет режимнің тек белгілі бір қызмет түрлері бойынша таратылуын ұсынды және басты шарт – тек B2C-операциялар. Ал B2B операциялары тек арнайы режим шеңберінде жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпы белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші «арнайы режимдегіден» тауар немесе қызмет сатып алса, онда ол мұндай шығыстарды шегерімге қоюға құқығы жоқ», - деп атап өтті вице-премьер.

Жұманғарин жаңа шарттар жеке тұлғалармен жұмыс істейтін шағын бизнес үшін ҚҚС төлеуді көздемейтінін қосты.

«Үйдің жанындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілері болмайды. Олар қорықпауы керек», - деп сендірді вице-премьер.

Айта кетейік, бұған дейін үкімент ҚҚС мөлшерлемесін экономиканың әртүрлі секторлары үшін саралап: 16%, 10% және 0% етуді ұсынған болатын. Сонымен қатар алқалы орган ҚҚС бойынша шекті мөлшерді 20 000 АЕК-тен (78,6 млн теңге) 3 800 АЕК-ке (шамамен 15 млн теңге) дейін төмендетуді ұсынды. Өз кезегінде депутаттар шекті мөлшерді 10 000 АЕК-ке (39,3 млн теңге) дейін қысқартуды ұсынды.