Маңғыстау облысында былтыр Бесшоқы ауылының мектеп асханасында 460-тан астам оқушы уланған оқиға бойынша азық-түлік жеткізуге жауапты болған кәсіпкер әйел Динара Шакеноваға үкім жарияланды.
Lada.kz мәліметінше, сотта айыпталушының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұза отырып, қоғамдық тамақтандыру саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды.
Нәтижесінде сот Динара Шакенованы бір жыл бас бостандығынан айыруға және 3,5 жыл мерзімге қоғамдық тамақтандыру саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салуға үкім шығарды. Айыпталушының өзі кінәсін мойындамады.
Еске салайық, былтырғы қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылының Бесшоқы тұрғын алабында 462 бастауыш сынып оқушысы асханадағы түстен кейін кейін уланған болатын. Сол кезде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдің барлық мектебінде тексеру жүргізуді тапсырған еді.
Сонымен қатар, мектеп асханасына «Шакенова Д» ЖК қызмет көрсеткені белгілі болды. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңге деп бағаланатыны хабарланған. Компаниямен келісімшарттардың көпшілігі бір көзден алу тәсілімен жасалған.
Кейінірек мектеп асханасынан алынған сынамалар мен жағындылардың 20%-да ішек бактериялары табылды. Асхананың алты қызметкерінен стафилококк анықталды. Сонымен қатар, ыдыс жуушы және тамақ үлестіруші дизентерия тасымалдаушылары болып шықты.
Қазан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиғадан кейін Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы отставкаға кеткенін, ал облыс әкімінің орынбасары сөгіс алғанын айтқан. Сонымен қатар, мектеп тамақтандыру қызметін жеткізген компаниямен келісімшартты бұзған.
Ағымдағы жылдың қаңтарында аталған мектеп асханасының төрт қызметкері медициналық тексеруден өтпей жұмыс істегені үшін сотталды. Айыпталушылар жалған медициналық қорытындыларды 5000 теңгеге сатып алғандарын мойындады.
Ақпан айында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық әкімдігіне қарасты Қызылсай ауылында балабақшалардың бірінің 100 тәрбиеленушісінің жаппай улануы орын алды.
Фонд-бюро расследования коррупции