Skip to main content

Шымкенттегі мектептің директоры мен бухгалтері 70 млн теңгені ұрлағаны үшін 8 жылдан алды

Submitted by Вера Александрова on

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты №133 орта мектептің бұрынғы директоры Әсел Байдосова мен сол мекеменің бас бухгалтері Улан Дадабековке үкім шығарды. Олар бюджет қаражатын жымқыру және пара алу кінәсінен сотталды. 

Ratel.kz дерегінше, былтырғы қазан айында Дадабеков осы мектепте 2,6 млн теңге ұрлағаны үшін екі жыл бас бостандығынан айырылған болатын. Енді тергеу 70 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру фактісін анықтады.

Тергеу анықтағандай, 2020-2022 жылдар аралығында күдіктілер мектеп қызметкерлерінің жалақысын көтеріп көрсетіп, «артығын» қолма-қол немесе бухгалтер көрсеткен шоттарға аудару арқылы қайтарып алып отырған.

Сондай-ақ, 2022 жылғы тамызда Байдосова материалдық қиындықтарға байланысты декреттік демалыстан мерзімінен бұрын шыққысы келген информатика мұғалімінен 150 мың теңге көлемінде пара талап еткені белгілі болды. Бұл фактіні сотта зардап шеккен мұғалім мен параны жеткізген мектеп директорының орынбасары растады.

Мектеп директоры өз бухгалтерінің алаяқтығының құрбаны болғанын айтып, барлық айыптауларды жоққа шығарды. Оның сөзінше, ол Дадабековке сенген, алайда оның жұмысына көңілі толмай, тіпті онымен «WhatsApp мессенджерінде байыпты хат алмасқан». Дегенмен, білікті кадрлардың жетіспеушілігін алға тартып, оны жұмыстан шығармаған. 

Байдосованың айтуынша, ол қаржылық бұзушылықтар туралы журналистер 2022 жылғы тамызда келгеннен кейін, мұғалімдер шағымдана бастағанда ғана білген.

Тергеу барысында жалпы 70 млн теңгеден астам залалдың тек шамамен 16 млн теңгесі қайтарылды.

Нәтижесінде сот Әсел Байдосова мен Улан Дадабековті кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік органдарда лауазымды қызметтерді өмір бойы атқаруға тыйым салып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ұжымы оқу орнының директоры Роллан Тлеухановтың тарапынан бұзушылықтарға шағымданғаны хабарланған болатын. 

Педагогтар басшының оларды қызметтік міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартып қана қоймай, ақша жинау жүйесін ұйымдастырғанын мәлімдеген.