Skip to main content

Манғыстау облысында жалған құжаттары бар педагогтар тобы анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жалған куәліктермен жұмысқа орналасқан педагогтар анықталды.
 
Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, мұғалімдер кәсіби қайта даярлаудан өткені туралы куәліктерді бұрмалаған.
 
Мәселен, олардың бірі өткен жылдың наурыз айында «Педагогика-логопедия» мамандығы және «Логопед-дефектолог» біліктілігі бойынша Сүлеймен Демирел атындағы университетте (SDU) қайта даярлау курсынан өткені туралы жалған куәлік сатып алған.
 
Жалған құжатты пайдаланып, ол педагог-психолог болып жұмыс істеген. Орта білім беру ұйымдарының алты педагогынан да осындай бұзушылықтар анықталған.
 
Нәтижесінде сот барлық жеті педагогты кінәлі деп тауып, оларға айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Еске сала кетейік, қаңтар айында хабарланғандай, Маңғыстау облысында облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі директорының орынбасары жалған дипломмен жұмыс істеген.

Сонымен қатар, Астанада олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшыларының бірі жоғары білім туралы жалған дипломмен жұмыс істегені белгілі болды.