Департамент Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Астана қаласы бойынша «КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ке қатысты тергеуді аяқтады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, компания жеке экспедиторлардың қызметін шектеп, өзіне қарасты құрылымдарға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ артықшылықтар берген.
Бұл әрекеттер үстемдік жағдайын теріс пайдалану деп танылды.
Нәтижесінде сот «КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ке 1,42 млрд теңге айыппұл салды. Компания жазаға шағымданбақ болды, алайда Астана соты бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырды.
«КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС — жүк теміржол тасымалын ұйымдастыру және басқаруға маманданған «ҰК «Қазақстан темiр жолы» АҚ (КТЖ) еншілес компаниясы.
Еске салайық, ақпан айында Астана бойынша БҚДА департаменті КТЖ — «KTZ Express» АҚ еншілес ұйымының монополиялық жоғары бағалар белгілеу фактілерін анықтады. Компания 2021 жылы әскери тасымалдар үшін көліктік-экспедиторлық қызметтердің бағасын негізсіз көтерген.
Кәсіпорын белгілеген экспедиторлық комиссиялар рұқсат етілген нормалардан асып, ел аумағы бойынша тасымалдардың өзіндік құнының 30%-на жеткен. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот «KTZ Express» АҚ-ға 10 млн теңге монополиялық кірісті тәркілей отырып, 853 379 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Ал наурыз айында БҚДА «HILL Corporation» ЖШС және «КТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС арасындағы бәсекеге қарсы келісімді анықтады. Анықталған бәсекеге қарсы келісімнің сомасы 12 млрд теңгеден асқан.
Фонд-бюро расследования коррупции