Қостанай облысы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, оған ҚК 189-бабы 1-бөлігі (меншіктену, яғни бөтен мүлікті ұрлау) бойынша айып тағылған.
Тергеу анықтағандай, өңірдің шорт-трек бойынша бас жаттықтырушысына жарысқа қатысушылардың жол жүруін, тұруын және тамақтануын ұйымдастыруға ақша бөлінген. 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы қаңтарға дейін ол өз бетінше облыстық резервтен шорт-трек бойынша спортшылардың тізімін жасаған.
Сонымен қатар, ол іссапарларға смета жасап, ұлғайтылған шығындарды көрсетіп, іс жүзінде жиындар мен жарыстарға бармаған адамдарды қосып жазған.
«Ф. дайындаған құжаттарды басқармаға («Қостанай облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ) ұсынған, содан кейін басқарманың Ф.-ның қылмыстық ниетінен хабарсыз лауазымды тұлғалары есеп беру құжаттарында көрсетілген спортшыларды іссапарға жіберу туралы бұйрықтар шығарған», - делінген хабарламада.
Жаттықтырушының әрекеттері нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 2 493 752 теңге материалдық залал келтірілген.
Сот талқылауы барысында «Қостанай облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ-нің жәбірленуші өкілі мен сотталушы тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтінішхат берген. Сотталушы келтірілген залалды өтеп, ал жәбірленуші өкілі талап қоюдан бас тартқанын мәлімдеген.
«Тараптардың татуласуын мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушы қолдады. Ф. жасаған әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады және ҚК 3-бабының 29-тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмысы болып табылмайды», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, ол жауапкершіліктен босатылды.
Фонд-бюро расследования коррупции