Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің (ЖСШМ) екі шығыс жекпе-жегі жаттықтырушысы 27 млн теңгеден астам қаражатты иемденіп алды. Бюджет қаражаты спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға іссапарларына арналған еді.
Ratel.kz мәліметінше, 2022 жылғы сәуірде мектеп директоры спортшылар тобын Тараз қаласына оқу-жаттығу жиынына жіберу туралы бұйрық берген. Оған бюджеттен 2,1 млн теңге бөлінген.
Топ жетекшісі 60 жастағы ушу-саньда жаттықтырушысы болғаны хабарланады. Сот материалдары бойынша, 2022 жылғы сәуірде ол алдау жолымен «Mumin» ЖК директорынан өзі және 19 спортшы үшін жататын орын мен тамақтандыруды қамтамасыз ететін құжаттарды алған. Құжаттар жаттықтырушыға орындалған жұмыстар актісі мен 2 160 000 теңге көлеміндегі фискалдық чектері бар жалған келісімшарт бойынша берілген. Осыдан кейін «сенсей» 40 билет бланкісін толтырып, оларға Шымкент-Тараз бағытын (бару және қайту) және әр билеттің құны 3 000 теңгеден көрсеткен.
«Айыпталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе отырып, 2022 жылғы 6 сәуірден 25 сәуірге дейін 19 спортшымен бірге Таразға оқу-жаттығу жиынына іс жүзінде бармай, өзі жинаған жалған құжаттарды аванстық есеппен іссапар куәлігіне тіркеп, ЖСШМ бухгалтериясына тапсырған. Осылайша ол қызмет бабын пайдаланып, алдау жолымен 2 185 000 теңге сомасындағы ақшаны жымқырған», - деп прокуратура айыптау актісінде мәлімдеген.
Сонымен қатар, сол жылдың тамыз және қараша айларында ол осыған ұқсас тәсілмен Алматыдағы жаттығу жиындарына тағы 35 спортшыны «апарғаны» белгілі болған. Оның әрекетінен келтірілген залал 8 100 000 теңгені құраған.
Содан кейін 2023 жылғы қаңтарда жалған жиындарда жаттықтырушы тағы 3 150 000 теңгеге байып, тергеу астына алынған. Барлығы оған 14 635 000 теңге жымқыру айыбы тағылған.
Оның әріптесі – жекпе-жек өнері кафедрасының аға жаттықтырушысы да бюджет қаражатына құмарлығымен «ерекшеленген». Жаттығу іссапарларында ол 12 392 000 теңгеге байыған.
Нәтижесінде екі жаттықтырушы да кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі тергеу сатысында келтірілген залалдың орнын толтырған. Ақшаны қайтарғандықтан, №3 спорт мектебі әкімшілігі тарапынан айыпталушыларға шағымы болмаған. Соның салдарынан сот істің барлық мән-жайын зерделеп, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, екеуіне де шартты жаза тағайындаған.
Фонд-бюро расследования коррупции