Skip to main content

Қостанай облысының ауылдық әкімдігінде 9,8 млн теңгенің жымқырылуы анықталды

Submitted by Вера Александрова on

Қостанай облысы Қарабалық ауданының прокуратурасы Новотроицк ауылдық округі әкімі аппаратының бухгалтері бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

«Штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру барысында бухгалтердің тиесілі және нақты төленген жалақысы арасында айырмашылық анықталды, ол 4 жыл бойы өзіне артық сомаларды есептеп отырған», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Күдіктінің әрекетінен келтірілген залал 9,8 млн теңгені құрады. Аудан прокуратурасы ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша («Ірі көлемдегі жымқыру») сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Баптың санкциясы 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. 

«Қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеу, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыру көзделген», - деп атап өтті ведомствода.

Құқық қорғау органдары қажетті тергеу шараларын жүргізуде.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында Сарыағаш аудандық білім бөлімінің үш басшысы мен сегіз бухгалтеріне үкім шығарылған болатын. Олар білім саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы аудару арқылы 550 млн теңгені жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.