Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еңбек ақы қорынан қаражат ұрлауға байланысты қылмыстық схемаларды анықтады. Бухгалтерлер мектептердің бухгалтерлік есеп жүйелері, ұлттық білім беру дерекқоры және «Қазынашылық-клиент» жүйесі арасындағы интеграцияның болмауын пайдаланған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Биғайдаров брифингте хабарлағандай, олар төлем құжаттарына қолмен түзетулер енгізген. Ұрлыққа арналған қаражат жыл сайынғы бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде-ақ салынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректері бойынша, ұрлықтар келесі жолдармен жүзеге асырылған:
- белгіленген нормадан тыс жалақы аудару;
- бөгде – үлестес тұлғаларға есептеу;
- бөгде тұлғалардың деректемелері бойынша өз карт-шоттарына есептеу;
- ақша аударымдарын қайталау; «өлі жандарға» жалақы есептеу арқылы ұрлық жасау.
Мысалы, Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Сарқан ауданы білім бөлімінің бас бухгалтерінің заңсыз әрекетін тоқтатқаны хабарланады.
Ол бөлім бухгалтерлерінің шотына белгіленген жалақыдан тыс заңсыз аударым жасау арқылы 1 млрд теңгеден астам қаражат ұрлады деген күдікке ілінген. Тергеу әрекеттері барысында күдіктіден 156 млн теңге табылып, алынды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.
Сонымен қатар, Қызылорда облысында «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимова, ММ бас бухгалтері Қ. Аязбаева және 24 мектептің бухгалтерлері 1 млрд теңгеден астам қаражат ұрлады деп танылды.
Нәтижесінде сот мекеме басшысы мен бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – кәмелетке толмаған баласының асырауында болуына байланысты жазасын 5 жылға кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Фонд-бюро расследования коррупции