Қазақстанда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңға түзетулер енгізу ұсынылды, бұл журналистерді әрбір суретті жариялау алдында оны пайдалануға жеке рұқсат алуға міндеттейді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл бастама БАҚ өкілдері үшін қосымша шектеулер тудырып, кәсіби міндеттерін орындауды қиындатуы мүмкін.
Bes.media хабарлағандай, жобаға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін дайындау және тарату кезінде кез келген азаматтың бейнесін пайдалануға осы адамның келісімімен, ал ол қайтыс болғаннан кейін – мұрагерлердің келісімімен ғана жол беріледі. Заңның қолданыстағы редакциясында мұндай талаптар жоқ.
Келісім алу келесі жағдайларда ғана қажет емес:
- егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, әлеуметтік маңызы бар, спорттық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға және өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса немесе оларды жариялау кезінде қатысса;
- егер таратылатын ақпарат азаматтың қызметтік және (немесе) жұртшылық қызметіне қатысты болса және бейне адамның, оның заңды өкілінің немесе уәкілетті тұлғаның өзі ашық көздерде жариялаған болса;
- егер бейнені пайдалану конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау үшін қажет болса.
Түзетулердің бастамашылары сондай-ақ бейнені пайдаланудың әрбір жаңа тәсіліне – оның ішінде өзгерту, монтаждау, басқа бейнелермен біріктіру немесе пікірлер қосу үшін міндетті түрде жеке келісім алуды енгізуді ұсынады.
«Құқықтық медиа-орталық» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, қазіргі уақытта мұндай өзгерістерді енгізуге негіз жоқ.
«Біз бұл норманы (бейнелерді пайдалану туралы) 2019 жылы, түзетулер жүргізілген кезде қол жеткізген болатынбыз, кейін ол бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға көшті. Онда журналистерге келісім қажет емес жағдайлар нақты көзделген. Заңның қолданыстағы редакциясы бұл шынымен де журналистерге өз жұмысында көмектеседі», – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар түзетулер жобасында инфлюенсерлер мен блогерлердің қызметін реттеуді өзгерту туралы ұсыныстар бар, оларды онлайн-платформалар субъектілеріне теңестіру жоспарлануда. Әзірлеушілер бұл цифрлық ортада ақпарат тарату бөлігіндегі құқықтық белгісіздікті жоюға мүмкіндік береді деп санайды.
Өзгерістердің жеке блогы редакциялардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты: жарияланатын ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын тексеру міндетін бекіту, сондай-ақ заңға сәйкес материалдарды дайындау мен шығаруды ұйымдастыруға жауапты болатын бас редактордың мәртебесін нақтылау ұсынылады.
Сонымен қатар, жобаға баспа басылымының әрбір шығарылымында домендік атауын немесе интернет-мекенжайын көрсете отырып, электронды нұсқасының бар екендігін көрсету талабы енгізілген. Бұл баспа және онлайн алаңдар арасындағы заңды сабақтастықты қамтамасыз етуі тиіс.
Түзетулер онлайн-платформаларды пайдаланушыларға да әсер етеді: интернетте алдын ала сипатталған жағдайларды қоспағанда, кез келген суретті орналастыру немесе қайта пайдалану тек бейнеленген адамның келісімі болған кезде ғана мүмкін болады. Жаңа контексте қайта жариялау, өзгерту немесе монтаждау да жеке рұқсатты талап етеді.
Ұсыныстарды талқылау ҚР Парламентаризм институтында жоспарланған, содан кейін ұйым түзетулердің бастамашылары – депутаттардың кейінгі қарауы үшін заң жобасын дайындауға кіріседі.
Фонд-бюро расследования коррупции