Қазақстанда тіркелген «КБР-Технологиялар» компаниясы АҚШ сауда министрлігінің санкциялық тізіміне енді. Бұл компания Ресейге жартылай өткізгіштер мен микросхемалар жеткізу туралы журналистік тергеуде аталады.
ORDA деректеріне сәйкес, АҚШ сауда министрлігінің сайтында «КБР-Технологиялар» ЖШС жаңа санкциялар пакетінде көрсетілгені айтылған. Серіктестік «ОСТЕК» тобының компанияларымен санкцияларды айналып өтуге қатысқаны хабарланады. Бұл топ Украинадағы соғыс әрекеттеріне арналған жауынгерлік дрондарды шығаратын ресейлік кәсіпорындарды жаңартумен айналысады.
«Қазақстанда тіркелген «КБР-Технологиялар» ЖШС «Фабцентр», Ostec-Arttool Ltd, Ostec-SMT Ltd және Ostec-Integra Ltd компанияларына жүздеген жеткізілім жіберді. «КБР-Технологиялардың» негізін қалаушылардың бірі — АҚШ санкциясына іліккен, ОСТЕК тобының бұрынғы ірі жеткізушілерінің бірінің иесі Евгений Костюктің көп жылғы қызметкері», — делінген АҚШ сауда министрлігінің хабарламасында.
Белгілі болғандай, «КБР-Технологиялар» ЖШС Петропавл қаласында тіркелген. Бұл фирманың басшысы ретінде белгілі бір Диас Тұғынбаев көрсетілген. Компания 2022 жылы құрылған, осы уақыт ішінде оның өкілдері бюджетке 93,8 млн теңге салық төлеген.
Тәуелсіз «Вёрстка» басылымының ақпараты бойынша, «КБР-Технологиялар» беларусьтік «Тефида» компаниясымен бірге Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту схемасына қатысқан. 2023 жылы «Тефида» «КБР-Технологиялардың» тапсырмасы бойынша «ОСТЕК» тобына және онымен байланысты компанияларға 5 млн доллар тұратын электрондық компоненттер өндіруге арналған жабдықты жеткізген.
«КБР-Технологиялар» әскери өнеркәсіп үшін Еуропадан Ресейге жабдық жеткізумен айналысқан неміс BMA Spedition компаниясымен байланысты екені хабарланады.
Журналистердің дерегінше, санкциялардан кейін жүктер ресми түрде Петропавлға жіберілген, алайда олар белгіленген орынға жетпеген - барлық жабдық Мәскеуге жеткізілген.
Фонд-бюро расследования коррупции