2024 жылы Қазақстан Ресейден халықаралық санкцияларға ұшыраған өндірушінің шамамен 1,5 мың бағдаршамын сатып алды.
ORDA мәліметінше, ақпан айының соңында «Ростех» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанға 1494 бағдаршам жіберілгені туралы есеп берді. Тапсырысты «Швабе» холдингіне кіретін Яламов атындағы Орал оптика-механикалық зауыты (УОМЗ) орындағаны хабарланады. Тапсырыс берушілер Қостанай, Павлодар, Өскемен және Ақтөбе әкімдіктері болды.
«Тек өткен жылы ғана біз ресейлік аймақтарға 717 бағдаршам жеткіздік және 1494-ін Қазақстанға жібердік, ал соңғы үш жылда сегіз мыңнан астам құрылғыны саттық», — деді «Швабе» бас директорының орынбасары Лев Борисов.
Белгілі болғандай, УОМЗ басқа да өнімдермен қатар әскери техникаға арналған жабдықтарды: ресейлік әскери ұшақтар мен тікұшақтарға арналған оптика-локациялық станцияларды, сондай-ақ әскери кемелер мен құрлық техникасына арналған оптика-электрондық жүйелерді шығарады. Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруінен кейін АҚШ пен Еуропалық Одақ (ЕО) «Швабе» холдингіне қарсы санкциялар енгізді.
«Қазақстан Ресейге қарсы экономикалық шектеулерге қосылмады, ал бағдаршамдар барлық параметрлер бойынша азаматтық мақсаттағы өнім болып табылады, олардың импорты қайталама санкциялар тәуекеліне әкеп соқпауы керек», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы ақпанда ЕО Ресейге және онымен байланысты Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Иран, Түркия және басқа елдердің компанияларына қатысты санкциялардың кезекті пакетін жариялады.
Санкциялық тізімге қазақстандық «Elem Group» ЖШС де енді. Ол «ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенді қолдауда» және «сауда шектеулерін айналып өтуге қатысуда» күдіктелді.
Оған дейін сауда министрлігі компанияның 2023 жылдан бастап импорттық және экспорттық қызметті жүзеге асырмайтынын және тарату процесінде екенін хабарлады. Маусым айында Жапония да «Elem Group»-ке қарсы санкциялар енгізді.
Осы жылдың қаңтарында Жапония санкциялық тізімді кеңейтіп, оған алты елден 31 ұйымды, оның ішінде қазақстандық «Da Group 22» компаниясын қосты. Күшіне енетін шектеулер химиялық қаруды әзірлеуге арналған тауарлар мен арнайы техниканың комплектующийлеріне қатысты.
Кейінірек ЕО арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Қазақстанға сапары кезінде тағы бірқатар қазақстандық компаниялардың санкциялық тізімге енуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Фонд-бюро расследования коррупции