Skip to main content

Қазақстанда микроқаржы ұйымдарына қойылатын бірыңғай талаптар ұсынылды

Submitted by fbrk_news on

(2 ақпан 2026 | Дереккөз: «Ашық НҚА» порталы)

Қазақстанда микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін бұрын қолданыста болған бес ережені біріктіретін және ауыстыратын жаңа нормативтік құжаттың жобасы дайындалды. Құжат микрокредиттер туралы ақпаратты ашуға, олардың қарыз алушылар үшін жарамдылығын бағалауға және берешекпен жұмысты реттеуге бірыңғай талаптарды көздейді.

МҚҰ ҮШІН ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР

Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының қызметіне бірыңғай талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттың жобасы жарияланды. Құжат МҚҰ-ның клиенттермен өзара іс-қимылының әртүрлі аспектілерін реттейтін бұрын қолданыста болған бес нормативтік құқықтық актінің ережелерін біріктіреді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚРДА) ақпараты бойынша, жоба микроқаржы ұйымдарының клиентпен өзара іс-қимылдың барлық кезеңдерінде, оның ішінде жарнама мен цифрлық арналарда қаржылық өнім туралы ақпаратты ашу талаптарын көздейді. Жобада адал мінез-құлық қағидаттары, сондай-ақ жауапты микрокредиттеуге қойылатын талаптар бекітіледі.

Негізгі жаңалық – клиентке несиенің негізгі параметрлері бар құжатты алдын ала ұсыну және қарыздың қарыз алушының қаржылық мүмкіндіктеріне қаншалықты сәйкес келетінін бағалау талабы.

АДАЛ ЕМЕС ӘРЕКЕТТЕРДІ БАҚЫЛАУ

Жобада МҚҰ тарапынан адал емес мінез-құлық нысандары және оларды анықтау әдістері жеке көрсетілген. Сондай-ақ қарыз алушылармен өзара іс-қимылды міндетті аудио - және бейнежазбамен тіркеу талабын қоса алғанда, берешекпен жұмыс реттелген.

Осылайша, құжат микроқаржы ұйымдарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға, клиенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және микрокредиттер беру кезіндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

ЖАРИЯЛЫҚ ТАЛҚЫЛАУ

Құжаттың жобасы «Ашық НҚА» порталында орналастырылған. Жариялық талқылау 16 ақпанға дейін созылады, бұл барлық мүдделі тараптарға ұсыныстар мен пікірлер енгізуге мүмкіндік береді.