Skip to main content

«Қазақстан» қонақ үйінің иелері субұрқақты жөндеуді міндеттеді

Submitted by Вера Александрова on

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Қазақстан» қонақ үйі басшылығын оған іргелес аумақта орналасқан субұрқақты қайта жаңартуға міндеттеді. Бұрын қонақ үй өкілдері субұрқақты қалпына келтірудің орнына ол жерде бассейн салған болатын. 

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қалалық құрылыс бақылау басқармасы қонақ үйдің нұсқаманы мәжбүрлеп орындауын талап еткен, алайда ешқандай әрекет жасалмаған. 

Содан кейін басқарма сотқа талап арыз жіберіп, қонақ үйдің «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңын бұзғанын көрсеткен.

«ЖШС «Қазақстан» қонақ үйіне іргелес аумақта субұрқақты қайта жаңартуды жүзеге асырған. Жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама қорытындысынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз жұмыстар жүргізген. Бірақ жоспарланған субұрқақты қайта жаңартудың орнына бассейн құрылысы басталған», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, бассейннің құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсат беру құжаттарынсыз жүргізілгені атап өтілген. 

Айта кету керек, жоғарыда аталған субұрқақ Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген қонақ үй ғимараты жататын күзет аймағының аумағында орналасқан. 

Нәтижесінде, сот барлық мән-жайларды ескере отырып, талап арызды қанағаттандырып, тапсырыс берушіні басқарманың нұсқамасын орындауға мәжбүрледі. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, бұрын белгілі болғандай, қонақ үйдің меншік иесі «Crown Star» ЖШС болып табылады. Билік қонақ үйді тексеруді тұрғындардың шағымдарынан кейін сәуір айында жүргізгені хабарланған болатын. Әкімдік иесінен жұмыстарды тоқтатып, бұзушылықтарды жоюды талап еткен. Мамыр айында Медеу ауданының прокуратурасына ЖШС-ні жауапкершілікке тарту үшін сұрау салынды.