Skip to main content

Қазақ тілін білмеу ҚР азаматтығын алуға кедергі келтіреді

Submitted by Вера Александрова on

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекенов қазақ тілін ең болмаса негізгі деңгейде меңгермеген адамдарға Қазақстан азаматтығынан бас тартылатынын хабарлады. 

"Қазинформ" ХАА мәліметінше, тіл білу деңгейін ғылым және жоғары білім министрлігі бағалайды.

«Мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білмеу, сондай-ақ еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеу азаматтық қабылдаудан бас тартуға негіз бола алады. Қарапайым деңгейді ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Түзетулердің мақсаты – қоғамға жылдам бейімделу және интеграциялану», – деді Шыңғыс Әлекенов.

Сондай-ақ, спикер бұл түзетулердің әлемдік тәжірибеге сәйкес келетінін атап өтті. Көптеген елдерде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен тілін білуге емтихан тапсыру қажет. 

Мысалы, Германияда азаматтыққа үміткерлер неміс тілін білуі керек, сондай-ақ елдің мәдениеті мен дәстүрлерін түсінуі қажет. Канадада азаматтың тарихы мен міндеттерін білу, сондай-ақ провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілін білу тестінен өту қажет. Түркияда азаматтық алу кезінде түрік тілін білу міндетті.

«Қос азаматтықтың алдын алу үшін ҚР азаматтығынан айырылуды тіркеудің жаңа негізі енгізіледі. Еліміздің азаматтығы Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспортын пайдаланған жағдайда жоғалады. Бұрын ҚР азаматтығынан айыру тек шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана қарастырылған болатын», – деп қосты Шыңғыс Әлекенов.