Қарағандыда сотталушыны азаптағаны үшін Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) аға жедел уәкіліне үкім шығарылды.
Өңір прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ол ҚК 146-бабының 2-бөлігі (қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ оған 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымдар атқаруға тыйым салынды.
Бұдан басқа, сотталушы әділет капитаны атағынан айырылып, Зардап шеккендерге өтемақы төлеу қорына мәжбүрлі төлем жасауға міндеттелді.
Еске сала кетейік, тамыз айында Ұлытау облысында әскери қызметшілер мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) қызметкерлері азаптау қолданғаны үшін сотталды. Мекеме басшысына және оның орынбасарына 6,6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мекеменің бес қызметкері мен төрт әскери қызметшісіне 4 жылдан 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Наурыз айында Бас прокуратура баспасөз қызметі қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың жауап алынғанын хабарлады.
Сол кезде қадағалау органының Алматы облысы Қарасай ауданы, Көшмәмбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау алаңында ұсталған азаматтарға қатысты азаптау қолданылғаны туралы іс бойынша дәлелдемелері бар екені айтылды.
Айта кетейік, тамыз айында Тұрғымбаевқа үкім шығарылды. Іс «құпия» деген белгімен өтті. Ол ҚК 362-бабының 4-бөлігі (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар белгілі болғандай, бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың бұрынғы бағыныштысы - Кенжебай Жұмабеков азаптау ісі бойынша өтіп жатыр. Оған дейін оның «Қорғас ісі» бойынша қамауға алынғаны хабарланған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции