Skip to main content

«Harmony RiderTechnology» қаржы пирамидасының салымшылары 197 млн теңге жоғалтты

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті «Harmony RiderTechnology» (HRT) инвестициялық жобасы ретінде жасырынған қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл ұйым өзін электр самокаттарын жалға берумен айналысатын американдық компания ретінде таныстырып, азаматтарға күн сайын 12-ден 690 АҚШ долларына дейін табыс уәде еткен. 

Сонымен қатар салымшыларға жаңа инвесторларды тартқаны үшін криптовалютада бонустар берілетіні айтылған. Іс жүзінде төлемдер жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылған, бұл қаржы пирамидасына тән белгі болып табылады.

Алаяқтық схемасының нәтижесінде 100-ден астам адам 197 млн теңге жоғалтқан. Қылмыскерлер ұрланған ақшаны криптоәмияндарға, содан кейін жеке банктік шоттарға аударған. 

«Қылмыстық іс бойынша 70 млн теңгеден астам сомаға мүлік тәркіленді. Тергеу аяқталды, қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұрын Алматыда «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының қызметі тоқтатылған болатын. Бұл ұйымдарға салымның орташа сомасы 225 мың теңгені құраған, ал төлем тек USDT криптовалютасында қабылданған.