Медициналық сақтандыру қоры (МСҚ) медициналық ұйымдарды қаржыландыруды қалпына келтіргенін мәлімдеді.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда МСҚ емханалар мен ауруханаларға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, шамамен 2 трлн 122 млрд теңге төледі.
«20 қарашадағы жағдай бойынша 1959 медициналық ұйымға қаңтардан қазанға дейін көрсетілген қызметтер үшін төлемдер жүргізілді. Бұл ретте, 1 тоқсан үшін медициналық қызметтердің ақысы – 100%, сәуірден қыркүйекке дейін – 95%. Қазіргі уақытта қазан айын жабу бойынша жұмыс жүргізілуде және желтоқсанның басында қараша айы үшін төлемдерге көшу жоспарлануда. Яғни қаржыландыру кезеңдері қалпына келтіріліп, ай сайын жалғасатын болады», - деді МСҚ басқарма төрағасының орынбасары Индира Сәркенова.
МСҚ баспасөз қызметі жыл басынан бері денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын және осыған байланысты көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем кеш басталғанын айтты.
«Өз тарапынан Қор медициналық көмекті үздіксіз қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, тамыз айында МСҚ басшысы Әбілхайыр Сқақов ведомствоның медициналық ұйымдар алдындағы берешегінің себебін айтқан болатын. Оның сөзінше, алдымен төлем жүйесі жұмыс істемеген, кейін кепілді медициналық көмек көлеміне ақшаны республикалық бюджет ұстап қалған. Сол кезде Сқақов берешек алдағы айларда жабылатынына уәде берген еді.
Сонымен қатар шілде айында Жоғары аудит палатасы (ЖАП) МСҚ-ның 2022-2023 жылдарға арналған тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын қарады. Аудит 3,8 трлн теңге көлеміндегі қаражат пен активтерді қамтып, 13 ұйымды қозғады.
Оның қорытындысы бойынша 32 млрд теңгеден астам сомаға процедуралық бұзушылықтар, сондай-ақ 31,1 млрд теңге көлеміндегі қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану анықталды. Қаржылық шығындар мен жіберілген пайда сомасы 11,8 млн теңгені құрады.
Фонд-бюро расследования коррупции