Көкшетау облысы Қосшы қаласындағы №1 қалалық емхана 92 кәсіпкерге жеткізілген тауарлар үшін алты ай бойы ақша төлемеген.
«Қосшы қаласы прокуратурасының талдауы нәтижесінде «Қосшы қаласының №1 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК қызметінде 92 кәсіпкердің құқықтарының бұзылуы анықталды, атап айтқанда, жеткізілген тауарлар үшін ақша қаражаты 6 айдан астам уақыт бойы төленбеген, ал шарттар бойынша төлем бір ай ішінде жүргізілуі тиіс», - деп хабарлады өңір прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 15 кәсіпкерге 4,5 млн теңгеден астам сомадағы берешек төленді. Қалған бизнесмендерге берешекті бір ай ішінде төлеуге уәде берілді.
«Қазинформ» ХАА деректері бойынша, емхананың жалпы қарызы 8,8 млн теңгені құрайды.
Еске салайық, тамыз айында Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова қалалық ауруханалардың кредиторлық берешегі 14,7 млрд теңгені құрайтынын айтты.
Ол Міндетті медициналық сақтандыру қоры (ММСҚ) арқылы қаржыландырылатын медициналық ұйымдардың бюджеті ағымдағы жылы 120,4 млрд теңгені құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5%-ға артық екенін атап өтті.
Қыркүйек айында ШҚО Күршім ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманың сақталуын талдау барысында аудандық аурухана әкімшілігі тарапынан 27 кәсіпкер алдында 134 млн теңге көлеміндегі берешекті өтемеген бұзушылықтарды анықтады.
Қараша айында Ақмола облысының әкімдігі Степногорск қаласының әкіміне кредиторларға 704 млн теңге қарыз болған көпбейінді қалалық аурухананы ерекше бақылауға алуды тапсырғанын мәлімдеді.
Фонд-бюро расследования коррупции