Мәжіліс депутаты Марат Башимов Бас прокурор Берік Асыловқа кеңейтілген мүлік тәркілеу институтын енгізуді қолдау туралы өтінішпен хат жолдады.
Ulysmedia.kz мәліметінше, депутат кеңейтілген тәркілеу тетігі көлеңкелі экономикамен және қылмыстық кірістерді жылыстатумен тиімді күресу үшін маңызды екенін атап өтті.
«Заң жобасына халықаралық ФАТФ ұйымы (ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық шараларды әзірлеу тобы) ұсынған 100 түзету мен құқықтық норма енгізілді. Кеңейтілген тәркілеу институты біздің ел үшін өте маңызды. Дүние жүзінің ешбір жерінде мұнша көп ұрлық болмаған. Сондықтан осы мәселеде қолдау көрсету туралы Бас прокурор Берік Асыловқа хат жаздым», - деді ол.
Депутат бұрын халықаралық ұсынымдарға сәйкес келетін нормаларды енгізуге «ескі Қазақстанның» саяси және экономикалық мүдделері кедергі болғанын атап өтті.
«Қазақстан бұрынғы саяси режим кезінде көлеңкелі экономикамен және ақшаны жылыстатумен күрес жөніндегі құқықтық нормаларды қабылдауға қатты қарсылық білдірді. Түрлі-түрлі лоббистер, әсіресе олигархтар бұл процесті тежеді. Ал қазір де олар мұны әртүрлі сылтаулармен жасап жатыр», - деді Башимов.
Башимов заңнамада кеңейтілген тәркілеу институтының болмауы қылмыстық істер бойынша фигуранттарға үшінші тұлғалар – туыстар, сенімді өкілдер, серіктестер атына ресми түрде қайта жазылған активтерді сақтап қалуға, сондай-ақ бақыланатын заңды құрылымдарды пайдалануға мүмкіндік беретінін көрсетті. Нәтижесінде, тіпті сотталу жағдайында да қылмыстық кірістердің едәуір бөлігі мемлекет кірісіне алыну үшін қолжетімсіз болып қалады.
«Қылмыстық жолмен алынған мүлік және баламалы құнды мүлік» терминінің ұғымы үшінші тараптардың меншігінде немесе иелігіндегі мүлікке де қолданылады, бірақ адал үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірмей. Мұндай мүліктің мысалдары ретінде: айыпталушының немесе тергеудегі адамның нақты бақылауындағы және, мысалы, отбасы мүшелерінің, сыбайластардың немесе заңды тұлғалар мен құрылымдардың иелігіндегі мүлік; - сыйға тартылған немесе нарықтық құнынан айтарлықтай жоғары немесе төмен сомаға үшінші тұлғаға берілген мүлік», — деп атап өтті Башимов.
Ол ұсынылып отырған тетік бойынша, сотқа дейінгі тергеу басталған адам қалған мүліктің заңдылығын өз бетінше дәлелдеуі тиіс екенін еске салды. Егер мұны істей алмаса, активтер тәркіленуге жатады.
«Ақшаны жылыстатумен күрес жөнінде көп жылдар бойы қабылданбаған барлық шараларды қабылдап, осы мәселеде шынайы әділдіктің ақыры орнауына уақыт жетті», - деп түйіндеді депутат.
Фонд-бюро расследования коррупции